18 нау, 2020 сағат 16:57

Елордада қоғамдық көліктердің жүру уақыты қысқарады

Елордадағы қоғамдық көліктердің қызметіне жауапты CTS компаниясының (бұрынғы Астана ЛРТ – авт.) басшысы Бекмырза Игембердинов ертеңнен бастап жолға шығатын қоғамдық көліктердің саны қысқартылатынын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта елордада жолаушылар ағынының төмендегені байқалады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов атап өткендей кеше жолаушылардың азаю деңгейі 30 пайыз болса, бүгін тағы 10 пайызға төмендеп кетті. Осылайша барлық бағдар бойынша жолаушылар ағынының 40 пайызға азайғаны байқалады», - деді Бекмырза Игембердинов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

CTS компаниясының басшысы елордада карантиннің енгізілуіне байланысты ертеңнен бастап қоғамдық көліктердің жұмысына өзгеріс енгізілетінін айтып өтті.

«Атап айтқанда автобустардың саны қысқартылады. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтандағы жолға шығатын автобустардың саны 856 болса, олар 676-ға дейін азаяды. Барлық бағыт-бағдар бойынша қысқару деңгейі 21 пайызды құрайды. Қалалық және экспрес бағдарлардағы автобустардың саны 20 пайызға, қала маңына қатынайтын автобустардың саны 32 пайызға қысқарады. Сонымен қатар, автобустардың жүру уақытына өзгеріс енеді. Ертеңнен бастап экспрес бағдарлар мен қала маңына қатынайтын автобустар 21.00-ге дейін ғана жүретін болады», - деді ол.