Халықаралық түркі академиясы елордада жаңа ғимаратқа көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған Түркі академиясы бүгінде түркітілдес бауырларды рухани байланыстыратын беделді халықаралық ұйымға айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен бүгін міне академияның жаңа қонысқа көшу сәтіне куә болып отырмыз. Жаңа ғимарат баршаға құтты болсын! Халықаралық Түркі академиясы туысқан халықтардың тілі, әдебиеті, мәдениетінің заман талабына сай жаңғыруына үлкен үлес қосып келеді. Осы сәтте түрік бауырларымызды бүгінгі ұлттық мерекесімен құттықтаймыз», - деді Қырымбек Көшербаев айтулы шарада.
Сондай-ақ, академияның жаңа ғимаратында музей мен кітапхана бар. Онда түркі әлеміне қатысты жәдігерлер мен әдеби туындылар қойылған.
«2009 жылы Елбасының бастамасымен Халықаралық түркі академиясы құрылып, 2010 жылы академияға елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайының ішінен бөлек кеңсе берілді. Бүгін міне Мемлекет басшысының тапсырмасына сай академияға бөлек ғимарат беріліп отыр. Жаңа ғимаратымыз екі бөліктен тұрады, бір бөлігі музей және кітапхана. Екінші жағында қызметкерлерге арналған жұмыс кабинеттері. Музейдің өзі 3 бөліктен тұрады, алғашқы бөлім түркі халқының этнографиясына арналған, екінші бөлім жалпы түркологияға арналған және академияға сыйға тартылған сый-сыяпаттар бөлімі бар», - деді халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Одан бөлек, академия басшысы жаңа ғимаратта алдағы уақытта түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.