11 ақп, 2021 сағат 13:41

Елордада қарақшылар ЖШС жұмысшыларына шабуыл жасап, 3 млн теңгені алып кеткен

Қарақшылар Нұр-Сұлтандағы ЖШС-ның бірінің жұмысшыларына шабуыл жасап, 3 миллион теңге көлеміндегі қаражатты ұрлап кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Есіл» ауданы полиция басқармасына ЖШС менеджері Мәңгілік ел көшесінде өзіне белгісіз біреулер шабуыл жасап, 3 млн теңге көлеміндегі қаражатын ұрлап кеткенін хабарлады. Жәбірленушінің айтуынша, сағат 20:00 шамасында ол ЖШС бухгалтерімен бірге банкоматтан 10 млн 900 мың теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Терминалдар орналасқан ғимараттан шығып, олар автокөлікке қарай бет алған. Осы уақытта 4 жігіт менеджерге шабуыл жасап, ақша салынған пакетін тартып алмаққа әрекеттеніп оны ұра бастаған. Төбелес кезінде шабуылдаушылар газ баллонын қолданып, 3 млн теңгені тартып алған да рульде сыбайласы отырған көлікке мініп, іздерін суытқан», - деді ведомствоның баспасөз қызметінде. 

 

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция 18-ден 23 жасқа дейінгі қарақшылық шабуылға күдікті жеті жігітті ұстады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК192-бабы, 4-тармағына (Қарақшылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың барлығы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Күдіктілер тоналған қаражаттың бір бөлігін жұмсап үлгерген, қалған бөлігін - 700 мың теңгені полиция тәркіледі. Қылмыстық істі тергеу кезінде ЖШС қызметкерлерінің қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріледі.