11 ақп, 2020 сағат 08:23

Елордада қанша «Сергек» камерасы бар?

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық орындарында жасалған қылмыстардың саны 44,9 пайызға азайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Елорда әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың айтуына қарағанда, 2018 жылы қаланың қоғамдық орындарында 14 мыңнан астам құқықбұзушылық жасалса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 8 мыңға дейін төмендеген. Оның ішінде, қала көшелерінде жасалған қылмыстар 38,4 пайызға азайған. Бұзақылық әрекеттер саны 52,3 пайызға төмендеген.

«Бүгінгі таңда астанада «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жобасы бойынша 13 мың камера орнатылды. Оның ішінде 10 мыңы қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Бұл камералардың деректері көшелерде болып жатқан жағдайды полиция қызметкерлері бақылайтын Ахуал орталығына беріледі. Жол қиылыстарында және жолдың желілік учаскелерінде орнатылған аппараттық-бағдарламалық кешендердің құрамына кіретін шолу камералары да елордада қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға мүмкіндік береді», - деп жазады Малика Бектұрова Тelegram-парақшасында.

Камералар қаланың түпкір аудандарында, мектептердің жанында, қоғамдық орындарда орналасқан. Сондай-ақ, мектептерде, балабақшаларда, қоғамдық орындар аумағында астанадағы қауіпсіздіктің деңгейін арттыру мақсатында меншікті камераларды интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.