08 қаз, 2019 сағат 14:35

Елордада қала құрылысының бірыңғай саясаты жоқ - Мемлекет басшысы

Нұр-Сұлтан әкімдігінде өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың сыртқы келбетіне қатысты сын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елордада қала құрылысының бірыңғай саясаты жоқ. Бұл бірқатар ауданда ретсіз, бейберекет құрылыстарға алып келеді. Көшелер мен ғимараттарды рәсімдеудің бірыңғай үйлесімді стилі жоқ. Сіздер елорданы көру үшін арнайы келген туристердің пікірлерін естіген де шығарсыздар. Толықтай алғанда, олар әрине, оң пікірлер. Бірақ, қалада эклектиканың да жоқтығын атап өтеді», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының пайымынша, мұндай нысандарда жайлылық болмайды.

«Бір ғимарат бір стильде, екіншісі басқа стильде салынған. Ең бастысы, жайлылық жоқ. Плиталары ұшып, асфальт жарылып жатыр. Жасыл өскін аз. Жалпы, қаланы қадағалап, күтіп ұстамайтындай сезім қалыптасады. Қожайыны жоқ», - деді Қ.Тоқаев.

Президент бұл мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бірнеше мәрте айтқанын еске салды.

«Алыстан сәулетті ғимарат жаман көрінбейді. Ал жақын келіп қарасаң, «шаршап» қалғаны көрініп тұрады. Қожайын керек. Ең алдымен, аудан әкімдері қожайын болуы тиіс. Олар кабинетте отырмай жаяу жүріп, тұрғындарын, әрбір ғимараттың тыныс-тіршілігін, белгілі бір ғимаратта тұрып жатқан адамдардың өмірін білуі қажет. Кабинетте кешкі сағат 6-7-ден кейін қажетті құжаттарға қол қою үшін отыруға болады. Кеш болмай тұрғанда қала көшелері мен ғимараттарын рәсімдеудің бірыңғай дизайн-кодын әзірлеуді тапсырамын. Бұл - менің әкімдікке қатаң тапсырмам», - деді Мемлекет басшысы.