12 жел, 2019 сағат 12:34

Елордада Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының штаб-пәтері ашылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының ғимаратында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (АҚИҰ) штаб-пәтері ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Салтанатты шараға ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков, АҚИҰ бас директоры Ерлан Байдәулет, сондай-ақ Бангладеш, Буркина-Фасо, Гамбия, Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы Ауыл шаруашылығы министрліктерінің басшы қызметкерлері және Қазақстанда аккредиттелген ИЫҰ-ға мүше елдердің елшілері қатысты.

Ш.Нұрышев өз сөзінде Қазақстан АҚИҰ қызметіне және осы ұйымның мүшелік құрамын кеңейту бойынша жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.

Іс-шара аясында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен АҚИҰ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Кейін АҚИҰ штаб-пәтерінде АҚИҰ Атқарушы кеңесінің кезекті 4-ші отырысы басталып, қатысушылар ИЫҰ-ға мүше елдердің Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы практикалық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған мәселелерді талқылады.

Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында АҚИҰ құру туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. . Қазіргі уақытта ұйымның құрамына ислам әлемінің 34 мемлекеті кіреді және оның қызметі Ауыл шаруашылығы мен Азық-түлік әлеуетін дамыту саласында мұсылман әлемінің күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған.