26 мау, 2024 сағат 19:03

Елордада алаяқ шетелдіктің қымбат көзілдірігін алып қашты, полицейлер тез арада тауып берді


Астаналық полицейлер 77 жастағы аргентиналық азаматтың бағасы 2 мың доллар тұратын күннен қорғайтын көзілдірігін тез арада тауып алып, қайтарып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Белгілі болғандай, егде жастағы ерлі-зайыптылар Азия қалаларын аралап, кейін Астанаға жеткен. 

Шетелдіктер серуендеп жүргенде белгісіз ер адамдар оларға жақындап, суретке түсуді ұсынған. Бас тартқан соң, олардың бірі шетелдіктен көзілдірігін киіп көруді өтініп, оның қарттығымен тілді түсінбеу дәрменсіздігін пайдаланып, көзілдірікті алып оқиға орнынан қашып кеткен.

"Жедел іздестіру шаралары барысында елордалық полиция қызметкерлері Павлодар облысынан 28 жастағы екі ер адамды анықтады. Белгілі болғандай, олар сол күні елорда тұрғындарының тағы үш ұялы телефонын ұрлап кеткен", - делінген хабарламада.   


Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.