Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Наурыз мерекесі қарсаңындағы ауқымды шаралар өтпейтінін жариялап, адам жиналатын жоспарлы іс-шараларды ұйымдастырмауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінгі таңда коронавирустың әлемдік пандемия болып жариялануына және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы алдын алу шараларын іске асыру туралы мәлімдемесіне байланысты елордада барлық бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылмайды. Сондай-ақ 18 наурызға жоспарланған «Қазақ елі» монументі алаңында, қалалық алаңда, «Жазушылар» аллеясында, «Астана» концерт залындағы шаралар да өткізілмейді», - деп хабарлады қала әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева.
Оның хабарлауынша, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс театры мен Қуыршақтар театрында да спектакльдердің қойылымы болмайды.
Сонымен қатар қала басшылығы базар, сауда-ойын-сауық орталығы, сауда үйі сынды нысандардың ішінде және аумағында іс-шаралар өткізбеуді ұсынады.
Еске сала кетсек бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесіне арналған шараларды және әскери парадты өткізбеу жөнінде тапсырма берген болатын.