Елордалық полицейлер көпқабатты үйден секірмек болған жасөспірімді құтқарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Сағат 13.00-де полицияның "102" арнасына куәгерлерден Қалдаяқов көшесіндегі үйдің 15-ші қабатында ер адам терезеден аяғын салбыратып, секіруге тырысып жатқаны туралы ақпарат келіп түскен.
Оқиға орнына құрамында аға лейтенант Айбек Дүйсенов пен капитан Мұратбек Омарбеков бар Астана қаласы Полиция департаментінің Патрульдік полиция полкінің жасағы жіберілген.
Полиция қызметкерлері тез арада жоғары қабатқа көтеріліп, есіктерді қаға бастаған. Оқиға орын алған пәтердің есігін қыз ашып, жағдай туралы полицейлерден естіген. Тәртіп сақшылары қалыптасқан жағдайды бағдарлай отырып, пәтерге жүгіріп кірген және жігіттің қозғалған сәтін пайдаланып, терезені ашып, оны ішке қарай тартып кіргізген.
17 жастағы жігітті мұндай іс-әрекетке не итермелегені анықталып жатыр. Психологтармен бірлесіп профилактикалық жұмыс жүргізілді және ол заңды өкілдеріне табысталды.