03 нау, 2023 сағат 14:15

Елорда тұрғыны желіде танысқан азаматқа 90 миллион теңгеден аса ақша берген

Фото: El.kz

Елорда тұрғыны әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітке 90 миллион теңгеден аса ақша берген, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана тұрғыны әлеуметтік желіде ер адаммен танысқан. Хат алмасу кезінде ол әйелді өзінің ұнатып қалғанына және банкротқа ұшыраған зауыт директоры екеніне, сондай-ақ жақын туыстарының қайтыс болғанына, соның салдарынан ақшаға қатты зәру екеніне сендірген.

Жәбірленуші белгілі бір уақыт ішінде онлайн аударымдар арқылы әртүрлі сомаларды аударған. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы - 91,6 миллион теңге.

Алаяқтық жасаған күдікті анықталып, ұсталды. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Апелляциялық шағымда сотталушы тағайындалған жазаны жеңілдетуді, асырауында кәмелетке толмаған бес баласының, жұмыс істемейтін жұбайының болуын, сондай-ақ денсаулық жағдайын ескеруді сұраған.

Алайда аппеляциялық сатыда сот үкімі өзгеріссіз қалдырылып, ер адамға Қылмыстық кодекстің 52-бабына сәйкес үкім шығарылды.