Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері көкнәрдің элиталық сортын заңсыз өсірген елорда тұрғынын ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«14 мамырда ҚР ҰҚК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті ҚР ҰҚК Орталық аппаратымен бірлесіп, құрамында есірткі зат бар өсімдіктерді «гидропоника» әдісімен заңсыз егіп-өсіруге қатысы бар «А» деген азаматты ұстады.
Тінту барысында көкнәрдің (каннабис) элиталық сортының түптері (нарықтағы құны шамамен 4,5 млн теңге), ауа ылғалдатқыш, арнайы қыздыру шамдары, желдету жүйесі, сондай-ақ кептірілген каннабис жапырақтары, электрондық таразы мен орау материалы алынды», делінген хабарламада.
Осы оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 1-бөлігі бойынша бірыңғай сотқа дейінгі тергеу тізіліміне тіркелді. Тәркіленген заттарға сот-химиялық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.