Елорданың полиция қызметкерлері әлеуметтік желінің тікелей эфирінде суицид жасамақ болған азаматтың өмірін аман алып қалды.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 25 қазан күні шамамен 22:00-де Facebook әлеуметтік желісін қолданушылардың бірі белгісіз ер адамның тікелей эфирде көпірден секірейін деп тұрғанын хабарлайды.
Осыдан кейін тез арада жұмысқа кіріскен бейнебақылау операторлар суицид жасамақ болған адамның Сарайшық көпірінде тұрғанын анықтап, оқиға орнына патрульдік полиция экипажын жібереді.
«Полиция қызметкерлері күйзелісті жағдайда әрі көпір таянышынан төмен қарай секіруге дайын тұрған азаматты тапты. Полиция қызметкерлерімен сөйлесу барысында ол тағдырына налып, әйелімен ажырасқанын, балаларын сағынғанын айтып мұңын шақты. Қызметкер азаматпен сөйлесуін жалғастыра отырып, оны секірмеуге көндіруге тырысты. Полиция қызметкері оғанжақын келген сәтте қапсыра құшақтап алып, қауіпсіз жерге алып шықты. Өмірмен қош айтыспақ болған 34 жастағы елорда тұрғыны мән-жайды анықтау үшін Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізілді», - деп атап өтеді департаменттен.
Азаматтың психоэмоциялық жағдайын тұрақтандыру үшін психологтар жұмыс істеді. Күйзеліс кезінде кәсіби психологиялық көмек көрсетілген.