Бүгін – астана күні. Биыл елордамызға 24 жыл. Осы уақыт ішінде қала тұрғындарының саны 4 есе өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Бюро ұсынған мәліметке сәйкес, 1998 жылы ел астанасы атанған Ақмола қаласында 326 мың адам тұрған. Содан бері елорда тұрғындарының саны 4 есеге жуық өсіп, қазір 1 млн 262 мың адамға жетті.
Астанада 24 жыл бұрынғыдай әйелдердің саны басым. Егер сол уақытта қалада 174 мың әйел және 152 мың ер адам тұрған болса, қазір әйелдер саны – 657 мың (52%), ерлер – 605 мың (48%).
1998 жылы елордада 3 400 бала дүниеге келсе, 2021 жылы 31 мың бала туған, осылайша туу коэффициенті 11-ден 25,9-ға (мың адамға шаққанда) дейін өсті.
1998 жылы қалада 48 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеген. Қазір олардың саны – 147. Ал, аурухана ұйымдарының саны 15-тен 45-ке дейін артты.