Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын өтетін ауылшаруашылығы жәрмеңкесі биыл да жалғасты. Ұйымдастырылып отырған жәрмеңкенің мақсаты – Елорда тұрғындарын экологиялық жағынан таза әрі бағасы базардағыдан әлдеқайда төмен ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету.
Елорда төрінде ұйымдастырылған жәрмеңке Қонаев көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы Хан-шатыр сауда орталығының жанында өтті. Базарлы сенбіні Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова мен қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев аралап көріп, сөреге қойылған өнімдер мен оның бағасына, сауда мәдениетіне көз жүгіртті.
Жетісулық ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров бастап барды. Жәрмеңкеге облыстың он жеті ауданы мен үш қаласы қатысты. Бағаны тұрақтандыруға атсалысып жүрген «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ да қалыс қалған жоқ. Жәрмеңкеге адам көп жиналды. Олар сауда сөрелерінен өз іздегендерін тауып алып жатты.
Жетісу өңірінен келген өнім өндірушілер астаналықтарға тауарлармен қоса, жер жаннаты Жетісудан ән-күй де ала келді. Ондағы қыз-жігіттер әуелете әнді де шырқап, мың бұрала биді де билеп, бар өнерлерін ортаға салып, жұртшылықты таң-тамаша етті. Жезтаңдай әншілердің асқақтата салған әні Елорда аспанында қалықтады. Бұл халықтың көтеріңкі көңіл-күйде сауда жасауына айтарлықтай септігін тигізді. Сөйтіп, олар концерттен рухани ләззат ала жүріп, сауда көрігін одан сайын қыздыра түсті. Жергілікті жұртшылықтың ойынан шығып, мерейлерін тасытқан игілікті іс өнім молшылығымен де ерекшеленді.
Панфилов, Сарқан, Ескелді аудандарының ауылдық округтерінен әкелінген алма, алмұрт, жүзімдердің түр-түрі көздің жауын алып, жұртты өзіне қаратты. Дәмі тіл үйірер қауын-қарбыз алушылар да көп болды. Қапшағайдың пиязына, Райымбек ауданынан келген мал еті мен Еңбекшіқазақ ауданынан апарылған сиыр сүтіне кезекке тұрғандар кешке дейін толастамады. Қоғалының қызыл картобы да тұтынушылардың көңілінен шықты. Омарташы байлығы – бал. Текеліден жеткізілген бұл өнім өзінің түсі мен дәмінің алуандығымен де жұртты тамсандырды.
Балқаш көлі жағалауындағы балықшы ауылдар балықтың небір түрін әкелгені байқалды. Күріш те молынан жеткізілді. Алакөлден жеткізілген балық та сан алуан. Жалпы, аудандардан әкелінген қой, сиыр, жылқы еттері сауда сөрелеріне лықа толып, өз алушыларын тапты. Қазы-қарта мен жал-жаяға да сұраныс жоғары болды. Талдықорған мен қала маңындағы аудандардағы қайта өңдеу кәсіпорындары шұжық пен сүт өнімдерін және ас атасы – нанның небір дәмдісін ұсынды. Осылайша, таң бозынан басталған күзгі жәрмеңкеге келушілер түске дейін толастаған жоқ. Артынып-тартынған елордалықтар керек-жарағын осы жәрмеңке арқылы түгендеп алуға тырысты.
– Осындай жәрмеңкелерге әр демалыс сайын қатысуға тырысамын. Өйткені, елдің әр аймағынан шыққан өнімдер әртүрлі. Бағасы да төмен, таңдау да жоғары. Еттен бастап кәмпитке дейін бар. Жәрмеңкеге Жетісу жерінің алмасын алуға келдім. Себебі, облыс осы өнім түрімен танымал. Қауын-қарбыз бен бал және етті де мол алдым, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сәуле Назарқызы.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және маркетинг бөлімінің бас маманы Талғат Алыбаевтың айтуынша, екі күнге созылған жәрмеңкеге барлығы 163 миллион теңгенің тауары жеткізіліп, азық-түлік өнімдерінің 48- ден аса түрі саудаланған. Облыстан 9,0 тонна қой, 14,6 тонна сиыр, 8,8 тонна жылқы, 4 тонна құс еті мен 15,7 тонна балық, 14,5 тонна сүт тағамы және 39,1 тонна картоп, 105,1 тонна көкөніс, 32,2 тонна жеміс-жидек пен алма, 2,9 тонна шұбат, қымыз, 16,2 тонна күріш, 5,8 тонна ұн, 7 тонна қант, 5 тонна бал, 16,3 мың дана жұмыртқа және басқа да тауар түрлері әкелінген.
Азық-түлік өнімдері жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарына қала базарларынан он бес, жиырма пайызға төмен бағада ұсынылды. Елордалықтарға Жетісу аймағынан келген жүзден аса сатушы сапалы қызмет көрсетті. Алматы облысының жоғары деңгейде дайындалып келгендеріне көз жеткізген елордалықтар өз ризашылықтарын білдірді. Олар жеміс-жидек пен көкөніс, бақша дақылдары мен бал, балық, ет, сүт өнімдерінің саудасын қыздырып, базарлы күннің шырайын келтірді.
Осылайша Нұр-Сұлтан қаласына алыстан ат терлетіп жеткен тауар өндірушілер де, осы күнге дейін базардан қымбат бағамен сатып алып жүрген қала тұрғындары да дән риза болып тарқасты. Күзгі шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көпшіліктің есінде қалатындай өтті.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Нұр-Сұлтан қаласы