04 қаз, 2018 сағат 14:38

Елорда тұрғындары бір қыста қанша көмір жағады?

Ағымдағы жылы елорданың жылу беру маусымына қажетті көмір көлемі 400 мың тоннаны құрайды. Бұл туралы бүгін Астана қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылыту маусымында Астанаға қажетті көмірдің көлемі 400 мың тоннаны құрайды. Мұндай көмір көлемін сатушылар толықтай қамтамасыз ете алады. Айта кетерлігі, аталған көлемге Жылу электр стансаларына кететін көмір есепке алынып отырған жоқ. Бұл тек жеке сектор қажеттілігі», - деді ол.

Сонымен қатар басқарма басшысының орынбасары жылыту маусымына қанша қаражат бөлінгендігін де атап өтті.

«Бюджет жылдың басынан соңына дейін бөлінеді. Келесі жылғы бюджетті қазір қалыптастырып жатырмыз. Келесі жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспары шамамен жылдың соңында бекітіледі. Ал осы жылдың соңына дейін шамамен 6 млрд теңге жоспарланған», - деді Бағдат Байсадықов.

Оның айтуынша, Астанадан келіп көмірді Қоянды, Талапкер, Қараөткел, Қосшы, Қажымұқан ауылдарының тұрғындары сатып алады.

«Олардың арасында алыпсатарлар да, тұрғындар да бар. Өкінішке орай бүгінгі күні көмір кеніштерінен қатты отынды тұтынушыларға дейін жеткізу заңнамалық деңгейде реттелмеген. Бұл жергілікті атқарушы органдарға да, орталық органдарға да бекітілмеген», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Сонымен қатар Бағдат Байсадықов елордада 20 тәулікке жететін отын қорының бар екендігін айтқан болатын. Ал Астана қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Мақсат Ысмағұлов көмір алыпсатарларымен күрес жүргізіліп жатқанын атап өтті.