Елорда полиция қызметкерлері 24-қабаттан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Портал мәліметінше, түн ортасында "102" нөміріне Сарайшық көшесіндегі көпқабатты үйдің балкон қоршауында ер адам отырғаны және секіруге тырысып жатқаны туралы ақпарат түскен.
"Оқиға орнына Астана ПД патрульдік полиция полкінің жасағы, полиция қызметкерлері Ержан Айса мен Нұрсұлтан Егембай дереу жіберілді. Аталған мекенжай бойынша келген полицейлер балкон қоршауының әр жағында еңкейіп және төменге секірейін деп отырған адамды көрген. Тәртіп сақшылары жағдайды бағалап, уақытты жоғалтпай, тез арада жоғары көтеріледі. Оларды байқаған ер адам оған жақындамасын деп айқайлай бастаған.
Полиция қызметкерлері ер адаммен диалог құруға тырысады және оның алданып тұрған сәтін пайдаланып, оған тез жүгіріп барып, артынан ұстап, балконның ішіне тартып кіргізген. Содан кейін олар ер адамды қауіпсіз жерге апарып, стресс жағдайды шешуге көмектесіп, тыныштандырған.
Секірмек болған ер адам Есіл ауданының Полиция басқармасына жеткізілді. 28 жастағы азаматтың мұндай іс-әрекетке не итермелегені анықталып жатыр. Психологтармен бірлесіп онымен профилактика жұмыстары жүргізілді" - делінген хабарламада.