Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық қоғамдық көліктерге тексеру жүргізіп, оның қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровке сілтеме жасап.
«Астана тұрғындары автобус валидаторларының картадан екі рет төлем алатынын, жолаушылар көп жүретін уақытта көлік кептелісінен 60 минутта екінші автобусқа тегін ауысып мінуге үлгермейтіндерін айтып шағымданған еді», - деп атап өтті А. Шәкіров.
Оның айтуынша, валидаторлардың екі рет жолақы алады деген тұрғындардың күдігі расталды.
«Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа және баспасөз құралдарына, әлеуметтік желіге түскен шағымдарға сараптама жасалды және ұлттық орталық қызметкерлері жекелеген автобус бағыттарына тексеру жүргізді. Нәтижесінде, Астана тұрғындарының күдігі расталды», - деп мәлімдеді Асқар Шәкіров.
Бұған дейін жолаушылар алдыңғы есіктен кіргендегі валидатор 180 теңге, ал автобустардың басқа валидаторлары 90 теңге алатынын айтып арызданған еді. «Астана LRT» өкілдері Көлік карталарынан екі рет төлем алынуы мүмкін емес деп жауап берді.
Дифференциалды тариф 2018 жылдың 21 шілдесінде өз күшіне енді. Жаңа тәртіпке сәйкес, төлемді картамен жүзеге асыру кезінде жол ақысы өзгеріссіз 90 теңге көлемінде қалды. Бұдан бөлек, көлік картасын пайдаланушыларына арналған басымдық - бірнеше көлікке ауысып отырып, тегін жүру құқығы сақталды. Ақшалай төлем кезінде қалалық автобуста жүру құны - 180 теңге.