Көлік полицейлері елорда әуежайында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 55 жастағы жолаушыны рейстен түсіріп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«17 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне «Эйр-Астана» әуе компаниясының өкілінен хабарлама келіп түсті. Онда «Нұр-Сұлтан-Ақтау» бағытындағы рейстің жолаушыларының бірінің масаң күйде өзін дөрекі ұстап, қоғамдық орында балағат сөздер айтқандығы атап өтілген. Тексеру барысында көлік полицейлері Ақтау қаласының 55 жастағы тұрғынын анықтады», - делінген Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінде.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 440 және 434 баптары, яғни, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу және ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Нұр-Сұлтан қалалық Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен тәртіп бұзушыға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«Аталған азамат әуе рейстерінің еліміздің қалалары арасында жаңартылғаннан кейін әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін ұшақтан түсірілген алғашқы жолаушы болып отыр», - деп нақтылады көлік полицейлері.
Еске сала кетейік, 1 мамырдан бастап Қазақстан қалалары арасында әуерейстерінің ұшуы жаңартыла бастаған болатын.
Биылдың басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 16 873 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін 1631, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 318 адам жазаланды.