Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов 1 желтоқсан мерекесі күні босанған аналарды құттықтады. Бүгін елорда басшысы №2 көпбейінді қалалық ауруханада болып қайтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әкімдік ақпаратына сәйкес, осы уақытта қала бойынша 26 сәби дүние есігін ашты, оның 10 - ер бала, 16 - қыз. Бүгінгі күні жалпы саны 80 нәресте дүниеге келетіні күтілуде. Жалпы, жыл сайын орта есеппен 30 мың шақалақ астаналықтар қатарын толықтырады.
Бақыт Сұлтанов болған №2 көпбейінді қалалық ауруханада осы мезетке дейін 8 нәресте туған, оның бесеуі ер бала, үшеуі - қыз.
«Бүгінгі ерекше күні дүниеге келген сәбилер де ерекше болады деген сенімдеміз. Біз үшін ең бастысы нәрестелер мен аналар денсаулықтарының мықты болуы. Мереке күні дүниеге келген және келетін барлық сәбиге аман-сау болуымен қатар, айтулы ел азаматы болып өсуіне тілектеспіз», - деді қала басшысы.
Құттықтаумен қатар, босанған аналарға әкімдік атынан алғыс хаттар мен гүл шоқтары, сәбилерге арналған арбалар, нәрестеге қажетті жиынтықтар, баланың күтімі бойынша нұсқаулықтар табыс етілді.
«Бүгін отбасымыз үшін ерекше күн, көптен күткен қуанышқа кенелудеміз. Өйткені, бұл сәбиді 3 жыл бойы күттік. Шынымды айтсам, босануымды осы күнге сәйкес келеді деп ойламадым. Мен үшін баланы аман-сау дүниеге әкелу маңызды болды. Есімін әлі таңдаған жоқпыз, Елбасының есімін берейік десек, жолдасымның аты да Нұрсұлтан», - дейді жас ана Диана Ысқақова.
Айта кетсек, №2 көпбейінді қалалық ауруханада жылына шамамен 12 мың сәби дүниеге келеді.