13 нау, 2020 сағат 10:32

Елорда әкімдігі коронавирустың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдауда?

Бүгіннен бастап елімізде барлық бұқаралық шараларға тыйым салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирусың таралуына жол бермеу шаралары аясында Үкімет бүгіннен бастап, яғни 13 наурыздан бұқаралық шараларға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Қала басшылығы арнайы алдын алу шараларын жүзеге асыруға кіріседі. Коронавирус таралуының алдын алу мақсатында Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы эпидемиологияға қарсы режімді сақтай отырып бірқатар шара жүргізеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, коронавируспен күресте Қытайдың, Оңтүстік Кореяның және басқа да елдердің әлемдік тәжірибелері зерделенген. Аталған тәжірибелер коронавируспен күресте қолданылатын болады. 

«Коронавирус оқиғасы тіркелген жағдайда диагностика жасайтын, науқасты аталған жұқпалы аурудан емдейтін арнайы медициналық мекемені анықтадық. Вирус жұқтырғандарды емдеу үшін қаланың сыртында оқшау тұрған ғимараттан жеке стационар белгіленген. Сондықтан вирус жұқтырғандар мен басқа науқастардың жолы қиылыспайды. Бірден айтайын, коронавирусты диагностикалауда пациенттер 4 санатқа бөлінеді. Пациенттер денсаулық жай-күйі жеңіл, орташа және ауыр ретінде тексеруден өтеді. Мұнан бөлек, үй карантинінде болатын пациенттер де бар», - деді Сәуле Қисықова.