10 мау, 2021 сағат 11:56

Элиталық тұқымдардың үлесі өсті - Сапархан Омаров


Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде төмен сапалы тұқымдарды пайдалану пайызы 2016-2020 жылдары 7,2%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылдың өніміне республика бойынша 2,5 млн тонна тұқым дайындалған болатын, олар егіс кондицияларына толық сәйкес келді. Егілген сорттық тұқымдардың жартысынан көбі қазақстандық селекцияға жататынын атап өту қажет. Отандық тұқым өсіру шаруашылықтарын заманауи селекциялық және тұқым тазалау техникасымен жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде төмен сапалы тұқымдарды пайдалану пайызы 2016-2020 жылдары 7,2%-ға дейін төмендеді, элиталық тұқымдардың үлесі 6,8%-ға дейін өсті», - деді С. Омаров.

Оның айтуынша, үшінші репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалану бойынша жақсы көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (100%), Батыс Қазақстан (99,2%) және Алматы (98,7%) облыстарында байқалады. Жоғары репродукциялы тұқымдарды қолданудың ең төмен көрсеткіші - Түркістан (71,4%) және Жамбыл (77,3%) облыстарында.

«Бұл ретте, Жамбыл, Түркістан және Павлодар облыстары бойынша жоғары репродукциялы тұқымдарды пайдалану үлесі жыл сайын төмендеп келеді. Ақмола, Қостанай және Қызылорда облыстары бойынша оң динамика байқалды. Бұл көрсеткішті арттыру үшін облыстар шаруашылықтарды тұқым шаруашылығын субсидиялаумен неғұрлым толық қамтулары қажет. Биылғы облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,7 млрд теңге көзделген, республикалық бюджеттен қосымша 4,3 млрд теңге бөлінді», - деді министр.