Биыл еліміздің оңтүстігі мен Атырау, Ақтөбе облыстарында су аз болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында су саласы мәселесіне тағы да назар аударды. Министрлікке жаңа Су кодексінің жобасын осы жылдың қыркүйек айында Президент Әкімшілігіне енгізу тапсырылды. Бізде уақыт өте аз, жарты жыл қалды. Су саласы мамандарын тарта отырып, жаңа Су кодексін толық және сапалы әзірлеуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды және апта сайын аппарат кеңестерінде жұмыс барысы туралы баяндауды сұраймын», - деді Серікқали Брекешев министрліктің алқа отырысында.
Оның атап өтуінше, оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ Атырау мен Ақтөбе облыстарында судың аз болу қаупі жоғары.
«Осыған орай тиісті облыстардың бассейндік инспекцияларының басшылары мен «Қазсушар» кәсіпорыны филиалдары Су ресурстары комитетінің басшылығымен ылғал сүйгіштігі төмен дақылдарды егу, су айналымы мен су өңдеуші суару технологияларын қолдану, агротехникалық және мелерациялық жұмыстар жүргізу жолымен өзендердің су тапшылығы жағдайында суды ұтымды пайдалану туралы фермелермен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. « Қазсушар» кәсіпорнына каналдарды жөндеу және механикалық тазалау, басқа да жұмыстарды жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді министр.