Бірқатар полиция қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін күдіктелуде. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлық агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ағымдағы жылдың 8 қазанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысының Полиция департаментінің Қауіпсіздік қызметі басқармасымен (ҚҚБ) бірлесіп бірқатар полиция қызметкерлерінің, соның ішінде басшылық құрамның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау фактілерін анықтады.
«Полиция майоры, Алматы облысының ПД Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушыға, аға лейтенант, Алматы қаласының ПД Түрксіб аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторына қатысты азаматты алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы күдіктінің ісін неғұрлым жеңіл санатқа қайта саралау желеуімен 1 250 000 теңге сомасындағы қаражатын иемденгені үшін Алматы қаласында сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарламада.
ПБ бастығының міндетін атқарушы ұсталып, Алматы қаласының ПД-нің уақытша тергеу изоляторына қамалды.
Алматы облысында осыған ұқсас қылмыс жасау күдігі бойынша Қарасай ауданы полиция басқармасының тергеушісі әшкереленді.
Ол азаматты алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы басқа тергеушінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша бас бостандығын шектеумен байланысты жазаны қолданбас үшін 2,5 млн теңгеге жуық қаражатты иемденгенді деп күдіктелуде.
Аталған фактілер бойынша тергеу жалғасуда.
Күдіктілерге қатысты түпкілікті шешімді олардың кінәларының деңгейін анықтау арқылы сот қабылдайды.
Сондай-ақ, Ақмола облысында Атбасар аудандық сотының үкімімен аға лейтенат, аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Н.Е.Тұрғабұл қылмыстық істі тоқтату үшін азаматтан 150 000 теңге сомасында пара алғаны үшін айыпты деп танылды.
«Тұрғабұлға өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан және арнайы шенінен айырумен 4 500 000 теңге мөлшерінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды», - дейді агенттік.