Еліміздегі газ құбырларының 75 пайызы тозған. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Энергетика министрлігі мен QazaqGaz ұлттық компаниясының тағы бір міндеті – магистральдық газ құбырларын жаңғырту. Негізгі газ тасымалдау инфрақұрылымы жалпы кеңес заманында салынған және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін үлкен инвестицияны қажет етеді. Қазіргі уақытта бірқатар газ құбыры толық қуатта жұмыс істейді және отандық газды ел тұтынушыларына тұрақты жеткізуді қолдау үшін жаңа қуаттар салу қажет. Мысалы, магистральдық газ құбырларының 21 пайызы 50 жылдан астам, 50 пайызға жуығы 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылуда. Жалпы, тозудың орташа деңгейі 75 пайыздан асады», - деді ол.
Министрдің айтуына қарағанда, еліміздің газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға және кеңейтуге елеулі қаражат салу керек.
«Бүгінгі таңда газ құбырларының ағымдағы жай-күйін растау үшін QazaqGaz ұлттық компаниясы «ILF Consulting» халықаралық аудиторлық компаниясын тартып, техникалық аудит жүргізуде. Оның нәтижесінде газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға қажетті қаражат мөлшері анықталады», - деді Болат Ақшолақов.