Еліміздің ғылыми әлеуетінің төмендігі ғалымдардың жалақысына байланысты болды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ғылыми әлеуеттің төмендігі ғалымдардың жалақысына байланысты болды. Ғалымдарда тұрақты жалақы болмады. Жалақы үш жылда бір рет қана өткізілетін конкурстарда жеңіске жеткен жағдайда ғана төленетін. Ал ұлттық сипаттағы іргелі зерттеулермен, яғни, тілге, әдебиетке, тарихқа, философияға қатысты зертеулермен айналысатын институттардың жағдайы мүлдем қиын еді. Олар конкурстардан грантты жеткілікті деңгейге жеңбегеніне байланысты тұрақты жалақы мен тұрақты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік болмады. Ғалымдар бұл мәселені ұзақ жылдар көтерді. Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасының арқасында «Ғылым туралы» заңға өзгерістер еніп, бұл мәселе толығымен шешімін тапты. Нәтижесінде төрт мыңнан астам ғалым тұрақты және үздіксыз жалақы алатын болды. Яғни, енді елімізге қажетті зерттеулерді үздіксіз өткізетін мүмкіндік пайда болды», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, елімізде 22 655 ғылыми кадр бар. Оның 36 пайызы - 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар, 39 пайызы - орта жастағылар.
«Яғни, айтарлықтай ғылыми әлеует бар. Бірақ, ғалымдардың жалпы санын алсақ, еліміздің бір миллион халқына шаққанда бір мыңнан астам ғана ғалым келеді. Бұл өз кезегінде қаржыландыруға да байланысты. Әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру кем дегенде жалпы ішкі өнімнің бір пайызы көлемінде болу қажеттігі айтылады және оның басым бөлігі жеке инвестициядан қалыптасуы тиіс. Осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді Асхат Аймағамбетов.