07 қар, 2017 сағат 16:06

Еліміздегі ең ірі жылыжай – Ордабасыда

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ең алғаш рет жылыжайлар Өзбекстанмен қоңсы Сарыағаш ауданында пайдалануға берілген болатын. Жер төсін емген ала тақиялы ағайынның тәжірибесін алған сарыағаштық диқандардың үйіргелік жеріндегі шағын жылыжайлары жақсы табыс кіргізе бастаған соң, басқа аудандар мен қалаларда да жаппай өріс алған.

Бүгінде облыс аумағындағы жылыжайлардың жалпы көлемі 900 гектарға жетті. Мұны шотқа қақсаңыз, Қазақстан бойынша 80 пайыздан астам жылыжайдың күн шұғылалы Оңтүстікке тиесілі екендігін аңғартады.

Ордабасы ауданы Бадам ауылына жақын орналасқан «Аделя» жылыжайы еліміздегі ең ірі кешен болып саналады. 16 гектар жерге қызанақ пен қияр еккен «Аделя» жылыжайынан жылына екі рет өнім жиналады. Мұндағы өнім гектарына 300-350 центнерден айналады.

– Қызанақ теру маусымында 180 адамға дейін жұмысқа қабылдаймыз. Жұмыс­шы­лардың орташа жалақысы – 80 мың теңге. Ал өнімнің 90,95 пайызын Ресейдің теріскейіндегі Новосібір, Красноярск, Барнауыл секілді облыстарына экспортқа шығарамыз. Ал бізде сұраныс аздау. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларына да сұранысқа қарай қызанақ, қияр жеткізіп отырамыз. Мұндағы технология бойынша гербицидтер мен аммиак­ты селитра қосылмайды. Зиянды нитраттар көлемі белгіленген шектен 15 есе төмен. Де­генмен жылыжай көлемін арт­тыруға әзірге ниет жоқ. Оған басты себеп қуат көздерінің қым­баттығы, – дейді «Аделя» жылыжай кеше­нінің директоры Бақтияр Асылбек.

Бұл кешен индустрияландыру картасы­ ая­сында тұрғызылған. Әуелде 5 гектар жерге ор­наласқан жылыжай жобасының алғашқы кезеңінің инвестициялық құны 2 673,8 млн теңгеге жеткен. Екінші кезеңнің құны – 2 млрд 574 млн теңге. Жылыжай шар­уашылығының өнімі экологиялық таза. Көкөніс өсіруде қол­­­­да­нылатын технология суармалы суды, тыңайтқышты және басқа да ресурсты үнем­деу­ге мүмкіндік береді. Қазір жылыжай 16 гектар жерді алып жатыр. 2016 жылы 2 814003 кило өнім жиналса, 2017 жылдың жар­ты жылында 2 934 669 кило өнім жиналды.

Индустрияландыру картасының аясында «Аделяны» «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қо­ғамы қаржыландырып отыр. Жеңілдетілген несиенің арқасында аяғынан тік тұрған се­ріктестік диқан қауымына жақсы үлгі болуда. Абыз Абай айтқандай, мұндағы жұмысшылар «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» нақылының жайын жақсы біледі.

Жарты жылда төрт мың тонна өнім жинаған жылыжай басшылығы осында еңбек етіп жат­қан қауымның жалақысын беріп қана қоймай, әлеуметтік жағдайларының оңалуына да жәрдемдеседі.

Бақтияр ТАЙЖАН,

Оңтүстік Қазақстан облысы