15 мау, 2022 сағат 13:02

Еліміздегі 10 аймақта ауа сапасы нашар – вице-министр


Еліміздегі 10 аймақта ауа сапасы нашар. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның 45 өнеркәсіптік аймағындағы ауаның ластану деңгейіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 10 аймақта ауа сапасы нашар екені анықталды.Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалаларында ауаның ластану деңгейі өте жоғары. Оған үш негізгі фактор әсер етеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда жылыту электростанциялары ауаға зиянды қалдықтарды көп мөлшерде бөледі. Теміртау мен Өскеменде экологияға ірі көлемде зиян келтіретін – ол өнеркәсіп. Ал батыс өңірлерде ескірген кәріз жүйелері ауаны ластап отыр», – деді вице-министр. 

Зүлфия Сүлейменованың дерегінше, өңірлердегі экология ахуалын жақсатру үшін 16 жол картасы әзірленген. 

«Жол картасына сәйкес, 485 іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. 2020 жылдан 2022 жылдың бірінші тоқсанына дейін белгіленген жұмыстар 50%-ға аяқталды. Осы шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай 10 аймақтағы экологияның ластану деңгейі төмендейді деп болжап отырмыз», - деп атап өтті Зүлфия Сүлейменова.

Елімізде ауаның ластануына себепші болып отырған ірі 16 кәсіпорын бар. Вице-министрдің айтуынша, аталған компаниялар өз қаражаттары есебінен зиянды қалдықтар мөлшерін 20-30%-ға дейін азайтуға міндеттелді.