Ішкі нарықта әлемдік баға өсімінің әсерін азайту мақсатында ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бағаны тұрақтандыру шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар жедел шараларды қолдануда. Мысалы, жұмыртқа мен күнбағыс майына шекті баға енгізілді. Осындай әкімшілік шара қолдануға мәжбүр болдық. Тұрақтандыру қорларында 7,1 млрд теңге сомасында 57 мың тонна азық-түлік қалыптастырылып жатыр. Айналым схемасы аясында жеңілдетілген несиеге 28 млрд теңге бөлінді. Жақын арада тағы 4 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Оның 3,7 млрд теңгесіне 36 мың тонна азық-түлік қорын сатып алу туралы келісімшарт жасалды», - дейді Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуынша, ішкі нарықта әлемдік баға өсімінің әсерін азайту мақсатында ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру жұмысы жүріп жатыр.
«Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың нақты түрлері мен көлемін бекітеді», - дейді ол.