Республикалық бюджетте 2021 жылға Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін 56,9 млрд теңге сомасында шығыстар көзделген.
Бұл жайында сенаторлардың депутаттық сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін 2021-2023 жылдарға арналған Атырау облысының даму бюджетінің және республикалық бюджеттен берілетін трансферттердің мөлшерін ұлғайту бөлігінде қайта қарауға қатысты сіздердің сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. 2020-2022 жылдарға арналған алулар көлемі Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесі бойынша есептелген. Мұнда көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар санына есептеу, өңірлік ерекшеліктер мен ерекшелікті ескеретін бірқатар көрсеткішті қолдану, сондай-ақ жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстарының арасындағы айырмашылық негізгі қағидаттар болып табылады. Атырау облысы республикалық бюджеттің негізгі донорының бірі екені өздеріңізге белгілі», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда (328,5 млрд теңге) облыс бюджетінің кірістері 2020 жылы 376,3 млрд теңгеге дейін өсті. Түсімдердің жыл сайынғы серпіні алдыңғы жылға қарағанда айтарлықтай өсу қарқынын көрсетуде. Мысалы 2019 жылы - 116,7 және 2020 жылы - 114,6 пайыз болды.
«Алулардың 2020-2022 жылдарға ұлғаюы кірістер бойынша болжамның ұлғаюына байланысты. 2020-2022 жылдарға арналған кіріс көлемін болжау кезінде шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын (бұдан әрі – КТС) және бензинді көтерме саудада өткізуге арналған акциздердің ұлғайтылған мөлшерлемесін қолданудан түсетін түсімдер ескерілді. 2020 жылы Атырау облысының бюджетіне шағын және орта бизнестен КТС қолдану есебінен 39,6 млрд теңге түсті. Бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің болжамынан 11,2 млрд теңгеге артық. Бұдан басқа 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесіне жергілікті кірістердің өсу әлеуетін ескеретін даму бюджетінің болжамына ынталандырушы құрауышты енгізу бөлігінде өзгерістер енгізілді», - деді Премьер-Министр.
Асқар Маминнің атап өтуінше, осының негізінде 2020 жылы 37,9 млрд теңгеден 2022 жылы 49,0 млрд теңгеге дейін біртіндеп ұлғайту мақсатында Атырау облысының даму бюджеті енгізілген. Республикалық бюджетте 2021 жылға Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін 56,9 млрд теңге сомасында шығыстар көзделген.
«Жалпы Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр. Осылайша қазіргі уақытта Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде, мұнда жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде олардың өзектілігі және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған өңірлік ерекшелік ескеріле отырып, қолданылатын көрсеткіштер мен коэффициенттер қайта қаралатын болады», - деді ол.