Елімізде вакцина егу қарқыны төмендеп кетті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде барлығы 8,2 миллионнан аса адам бірінші компонентті, 7,4 миллионға жуық адам екінші компонентті алды. Вакцина егу қарқыны төмендеп отыр. Оны ұлғайту қажет, әсіресе, қалып келе жатқан өңірлерге қатысты»,- деді Асқар Мамин.
Премьер-Министр Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдеріне вакциналау мәселесін жеке бақылауға алуды және оның қажетті деңгейін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Денсаулық сақтау, Ақпарат министрліктері халық арасында вакциналау мен ревакцинациялаудың маңызы туралы, сонымен бірге денсаулықты сақтаудың жалғыз жолы - коронавирусқа қарсы екпені алу екенін түсіндіру жұмысын жалғастырсын», - деді Үкімет басшысы.
Осы ретте Асқар Мамин бұл тапсырмаларға жалпы бақылау жасауды орынбасары Ералы Тоғжановқа жүктеді.