Осы жылдың төрт айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3% ұлғайып, 831,2 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Осы жылдың төрт айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3% ұлғайып, 831,2 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2% ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, ет өндіру көлемі тірілей салмақта 5,3%, сүт 3,4% өсті. 44,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өндіріліп, жоспар 100% орындалды», - дейді Сапархан Омаров.
Оның айтуынша, облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын 4 облыста байқалады.
Олар - Ақмола (114%), Қарағанды (104,5%), Павлодар (104,1%) және Жамбыл облыстары (103,1%).
«Ал тамақ өндіру көлемі 3,9% өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 66,1% ұлғайса, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 37,3% артты», - дейді ол.