Суды тиімсіз пайдалану көлемі 3 текше шақырымға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында каналдар мен су қоймаларын салуды талқылау кезінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сіздерге еліміздің өзендер ағынының қалай қалыптасатыны туралы қысқаша айтып өтейін. Қазақстанның су ресурстарының көлемі 90-100 текше шақырымды құрайды. Оның ішінде 50,8 текше километр – жергілікті ағын, ал қалғаны 39,2 текше километр – Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Жер асты суларының қоры 3,5 мыңнан астам кен орындарында барланған. Ол жылына 15,5 текше шақырымды құрайды», - деді Брекешев.
Оның айтуынша, былтыр еліміз бойынша су тарту 24,9 текше километрді құрады, оның ішінде 15 текше километр (65%) су ауыл шаруашылығының мұқтаждықтарына жұмсалды.
«Суды тиімсіз қолдану 3 текше шақырымға жетті», - деді министр.