16 нау, 2021 сағат 07:23

Елімізде шағын және орта кәсіпорындар белдеуі құрылады

Индустриялық орталықтар айналасында шағын және орта кәсіпорындар белдеуі құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түсті металлургияда 2021 жылға жоспарлы көрсеткіш - 104,5 пайыз. Мырыш өндіру көлемі 18,6, қорғасын 18,8, мыс концентраты 9, алюминий 6 пайыз ұлғайтылады. Bloomberg болжамына қарасақ, қысқа мерзімді перспективада түсті металдардың барлық түрі бойынша баға көтерілуі тиіс. Осыған байланысты номиналды мәнде түсті металлургия өндірісінің өсімі 13 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Бұл өндірістің жоспарланған көлемін қамтамасыз етеді», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған министр. 

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Жәйрем кен байыту кәсіпорны, Казминералс Ақтоғай 2 және Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорны, сондай-ақ алтын шығару фабрикалары өндірістің қосымша көлемін беретін болады. 

«Ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарының сұранысына байланысты кластерлік тәсілмен индустриялық орталықтар айналасында шағын және орта кәсіпорындар белдеуін құру жұмысы жүргізіледі. 2025 жылға дейінгі мерзімде Алматы облысында Көксай мыс кен орнын игеру жобасы іске асырылады және қуаты 250 мың тонна бастапқы алюминий болатын Павлодар қаласындағы «Қазақстандық электролиз зауытының» екінші кезегі салынады», - деді ол.