03 там, 2021 сағат 18:51

Елімізде құрылыс материалдарын бірыңғай бағамен сату алаңы іске қосылады


Елімізде құрылыс материалдарын сату мен сатып алуға арналған онлайн жүйе іске қосылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Маркетплейс алаңы құрылыс материалдарының құнын 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді және нарықтың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, отандық өндірушілер мемлекеттің қолдауымен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға және құрылыс материалдарын белгіленген құны бойынша сатуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар жаңа жүйе құрылыс салушы компаниялар үшін де тиімді», - деді Қ. Өскенбаев баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, аталған жүйе арқылы құрылыс материалдарын шығарушылар өз өнімдері туралы ақпартты емін-еркін жариялай алса, тиісінше құрылыс компаниялары тауарға делдалсыз тиімді бағамен қол жеткізе алады. 

«Осылайша құрылыс компаниялары үшін отандық құрылыс материалдарын сатып алу тікелей қолжетімді. Қазіргі уақытта сайт тестілеуден өтіп жатыр. Бүгінде еліміз бойынша құрылыс материалдарын шығаратын 31 өнеркәсіп тіркеліп, олар 50-ден астам коммерциялық ұсыныс білдірді. Жыл соңына дейін құрылыс материалдарын әзірлейтін компаниялар өз өнімдерін онлайн ұсынатын сөре функциясы әзір болады. Құрылыс материалдарының бағасы Құрылыс ісі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы комитеті арқылы қадағаланады. Осылайша баға тұрақтылығын қамтуды көздеп отырмыз», - дейді ол.