ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай елдегі күнбағыс майы мен көкөніс қоры туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нарықты күнбағыс майымен қамтамасыз ету туралы айтсақ, 1 наурыздағы жағдай бойынша республикада қайта өңдеуге жіберілетін 649 мың тонна күнбағыс бар. Күнбағыс майының қоры өңірлерде 30,6 мың тоннаны құрайды. Осылайша, ішкі нарық толығымен күнбағыс майымен және оны өндіруге арналған шикізатпен қамтамасыз етілген», - деді Өсербай орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, көкөніс дақылдары мен картоп қоры нарыққа ерте пісетін көкөністер түспейтін кезеңде де халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта майдың, күнбағыс тұқымдарының және картоптың экспортына шектеу енгізілген.
Бұған дейін Жеңіс Өсербай елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры туралы айтып берген еді.
Әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, 12 наурыздағы жағдай бойынша республикада барлығы 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бар.
Оның ішінде ұн – 144 мың тонна, қант – 90 мың тонна, күріш – 39,3 мың тонна, макарон – 21 мың тонна және шамамен 900 мың тонна көкөніс өнімдері және басқалары бар.
Сонымен бірге, Қазақстанда шамамен 90 мың тонна қант қоры бар және республика қантпен толық қамтамасыз етілген.
Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сәйкес, 1 наурыздағы жағдай бойынша республикада 9,1 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақыл қоры бар.