11 там, 2021 сағат 10:22

Елімізде көмір, шикі мұнай және табиғи газ өндірісі азайды


Қазақстанда бір жылда көмір, шикі мұнай және табиғи газ кендерінің өндірісі төмендеді. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Статистика деректеріне сүйенсек, 2021 жылғы қаңтар-шілдеде 2020 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда елімізде тамақ өнімдерінің, сусын, резеңке және пластмасса бұйымдарының, өзге де бейметалл минералдық өнімдерінің, химия және фармацевтика өнімдерінің, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау өндірісі артты. 

Керісінше, көмір, шикі мұнай және табиғи газ кендерінің өндірісі төмендеді.

«Өнеркәсіптік өнімдердің өндіріс көлемінің өсуі республиканың 14 өңірінде байқалды», - делінген ақпаратта.

2021 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанда 49,7 млн тонна мұнай, газ конденсаты (96,6 пайыз), 71,6 млн тонна мыс кендері (123,2), 1,8 млн тонна ұн (102,4), 2,7 млн тонна бензин (107,7), 2,9 млн тонна газойльдер (дизельдік отын) (109,0), 66,1 млрд кВт сағ электр энергиясы (120,2 пайыз) өндірілді.