Еттің көтерме бағасы жуырда арзандауы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
LS порталының жазуынша, мұндай болжамды Қазақстан Ет одағының мүшесі Мақсұт Бақтыбаев айтты. Оның сөзінше, тамыздан қазанға дейін мал сою кезеңі басталады. Сонда көтерме сауда бағасы шамамен 100-200 теңгеге арзандайды. Қазіргі уақытта сиыр етінің келісі аймаққа байланысты 1,8 мың теңгеден 2,1 мың теңгеге дейін саудалануда.
"Жыл басынан бері ет шамамен 5-6%-ға қымбаттады. Желтоқсанға қарай инфляция деңгейі бойынша немесе ағымдағы көрсеткіштерден 100 теңгеге жуық өсім күтіледі. Әзірге көтерме өнім құнының күрт өсуіне себеп жоқ, өйткені биыл жауын-шашын жаман емес, жем бағасы да қалыпты", - деп нақтылады Бақтыбаев.
Одақ өкілі бөлшек сауда құнына делдалдар әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар, оның айтуынша, мемлекеттің шаралары жағдайды айтарлықтай түзетпейді. Керісінше, сарапшының пікірінше, фермерлерге қатысты жағымсыз әсер байқалады.
"Мемлекет делдалдар тізбегін емес, тек ұйымдасқан шаруашылықтарды реттеуге тырысады. Мәселені шешу үшін ақша салу, фермерлердің базарларын ашу, жеткізілім тізбегін құру қажет. Тек көтерме сауда орталықтарымен айналысуға болмайды, фермерге өнімдерді тікелей сөрелерге жеткізуге мүмкіндік жасау қажет. Бұл бір апта ішінде шешілмейді, екі-үш жыл қажет", – деді Бақтыбаев.