Қазақстанда жыл өткен сайын электронды төлем артып келеді. Елімізде 2019 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша, 3 трлн. теңгеге қолма-қол ақысыз төлем жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.
Онлайн-төлем жасау бойынша Алматы қаласы көш басында (3,3 трлн. Теңге). Былтыр өңірдегі бұл көрсеткіш 1,4 трлн. теңгені көрсеткен еді. Одан кейінгі орынды Нұр-Сұлтан қаласы алады, жалпы сома – 408,2 млрд. теңге. Ал өткен жылы елордалықтардың интернет арқылы жасаған ақша аударымы 198,3 млрд. теңге болған. Алматы облысы тұрғындары да электронды төлем жүйесін көбірек қолданған. Нақты айтқанда, 218,4 млрд. теңге қолма-қол ақысыз аударылған.
Мамандардың айтуынша, электронды коммерцияның дамуы – көлеңкелі бизнеспен күрестің таптырмас жолы. Ол үшін сауда нарығын модернизациялау қажет. Осылайша, кезең-кезеңімен барлық стационарлық емес нарық заманауи сауда форматына көшеді. Қазіргі таңда электронды коммерцияны дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, сауданың 40 пайызы көлеңкелі жолмен жүзеге асады, яғни тиісті салықты төлемейді. Осыған байланысты электронды коммерцияны дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Бағдарлама ішкі электронды саудаға және экспортқа арналған. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай электронды саудадағы бөлшек сауданың үлесі 5 пайызға артады.
Айта кетсек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі – қаржылық технологияларды және қолма-қол ақшасыз жүйелерді дамыту. Жоспарға сәйкес, 2022 жылға дейін белсенді қаржылық қоғамдастық қалыптасатын болады. Сонымен қатар, электрондық төлемдерді арттыру аясында әлемнің озық тәжірибелері ескеріліп, мобильдік төлемдерді жүзеге асырудың оңайлатылған жүйесі енгізіледі.