Елімізде елді мекендерді су басу дерегі тіркелген жоқ. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасының аумағында елді мекендерді су басу жағдайы тіркелген жоқ. Өзенде кептеліс болдырмау мақсатында мұз қопсыту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы республика бойынша өзендерде 14 тонна жарылғыш заттарды қолдана отырып, 123 мұз жару жұмыстары жүзеге асырылды», - деді ол.
Оның дерегінше, Нұр-Сұлтан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында су тасқыны жағдайын анықтау мақсатында аэровизуалды және жерүсті зерттеулер жүргізілуде. Еліміздің өңірлерінде 165,3 шақырым қорғау бөгеттерін салу және жөндеу, 417,2 шақырым су тасқыны қаупі бар өзендердің жағаларын бекіту, түбін тереңдету, түзету, 186,7 шақырым су бұру арналарын орнату бойынша су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда. Су тасқынының алдын алу және олардың салдарын жою үшін 14 мың тонна жанар-жағармай, 190 мың тонна инертті материалдар, бір миллионнан астам қап және 51 тонна көлемінде жарылғыш заттар қоры дайындалды.
Сонымен қатар ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай елорданың су қоймасындағы су мөлшеріне қатысты деректермен бөлісті.
«Су қоймасындағы су көлемін ең төменгі шекке дейін төмендету жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта елорда су қоймасы 52 пайызға дейін толып тұр. Қазгидрометтің соңғы деректеріне сәйкес қар мен ылғал қорының көлемі ауа райының қолайлы болуына байланысты айтарлықтай қысқарды», - деді И.Ильин.
Айта кетерлігі, Ішкі істер министрлігінде жалпы саны 9 мың адам мен 1,5 мыңнан астам бірлік техникадан тұратын арнайы күштер мен құралдар тобы құрылды. Су тасқыны жағдайы ықтимал күрделенген кезге басқа өңірлердің қосымша жеке құрамнан 2 044 адам, 214 бірлік техника, 30 жүзу құралы және 86 мотопомпа күштері мен құралдары жедел ден қою үшін әзірлікте тұр.