Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалардың саны 9 мыңға жетті. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл сайын 2 сәуірде Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні атап өтіледі. 2003 жылы елімізде аутизм спектрі бұзылған (АСБ) 77 бала тіркелсе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 9 мыңға жетті. Сондай-ақ статистика қазір азаматтардың аутизм туралы көбірек ақпарат білетінін, диагностика мен тіркеу жүргізіліп жатқанын, одан бөлек, соған сәйкес көмектің ұйымдастырылып, белгілі бір инфрақұрылым жасалып жатқаны туралы көрсететінін түсіну маңызды. Егер балалардағы бұзылыстардың басқа түрлері (нашар еститін, нашар көретін және т.б.) үшін инфрақұрылым, әдістемелер, стандарттар, бағдарламалар, мамандар мен арнайы ұйымдар бұрыннан болса, аутизммен ауыратын балалармен жұмыс істеуде жағдай басқаша екенін атап өткен жөн», - деп жазды министр Telegram каналында.
Оның атап өтуінше, Білім министрлігі ерекше балаларға жағдай жасау үшін үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс істейді.
«Асыл Мирас», «Дара», «Болашақ» қорлары, «AUTISM KAZAKHSTAN» Ұлттық қауымдастығы және басқа да ұйымдарға атқарған ауқымды жұмыстары үшін алғыс айтамын. Олар инклюзивті қолдау кабинеттерін, балаларға арналған ресурстық орталықтарды ашып, педагогтердің біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, сондай-ақ университеттермен ынтымақтастық орнатып, заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашылық жасап келеді. Кеше конференция өткіздік. Оған үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілі, ата-аналар қауымы, педагогтер, ғалымдар мен оқытушылар, ЖОО ректорлары, сондай-ақ кафедралар мен оқу бөлімдерінің және оқу-әдістемелік кабинеттерінің 400-ден астам өкілі қатысты», - деді Асхат Аймағамбетов.