© Photo: "Салиқалы ұрпақ" Қоғамдық қорының сайты
Цифрлық таңбалаудың көлеңкелі нарықты қысқартуға еш ықпалы жоқ, ол тауардың жасалу жолы мен сапасын айқындайтын құрал болып табылмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев төменгі палатаның жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Биыл 1 сәуірден бастап цифрлық таңбалауы жоқ аяқ киімді сатуға тыйым салу күшіне енді. Депутаттың сөзінше, бұл шешім осы саладағы кәсіпкерлердің наразылығын тудырды.
«Бірыңғай оператор тауар бірлігі үшін марканың құнын 3 теңге десе, кәсіпкерлер таңбалаудың нақты құны бір тауар бірлігіне 550 теңгеден 3,5 мың теңгеге дейін шығатынын айтуда. Яғни қымбат емес аяқ киім 20-30% қымбаттайды, бұл тұрмысы төмен тұтынушылардың жағдайын нашарлатады», - деді ол.
Аталған мәселеде қаржылық шығындардан бөлек, техникалық қиындықтар да бар. Бұл ретте депутат бір жұп аяқ киімге марка алу формасын толтыру үшін орта есеппен 20-30 минут кететінін ескере келе, форманы жіберу кезінде 40% жағдайда жүйе қабылдамай, деректерді қайта толтыруға тура келетінін айтты.
«Бұған қоса, таңбалау электрондық шот-фактуралар және растау сертификаттары сияқты бұрыннан бар есеп беру нысандарын қайталайды. Бірақ егер сертификатта тауарлар мен материалдардың сапасы зертханалық зерттеулер негізінде расталса, цифрлық таңбалаудың ешбір дәлелдік негізі жоқ. Өздеріңіз білетіндей, заңсыз өнімдермен күресу деген желеумен цифрлық таңбалауды енгізу және әзірлеуге бастамашы ресейлік тарап болған. Бүгінде өздерінде таңбалауды енгізу тауар құнының орта есеппен 20%-ға өсуіне әкелді», - деді депутат.
Сонымен қатар ол өзінің депутаттық сауалында өзге де тауарлардың көлеңкелі экономикадағы рөліне тоқталып өтті.
«Бізде аяқ киімге және т.б. тауарларға таңбалауды енгізді, ал көлеңкелі нарықтың ең жоғары үлесі бар алкогольге қатысты маркировкадан Үкімет бас тартты. Өздеріңіз білесіздер, ескі Қазақстанда алкоголь нарығы Болат Назарбаевтың қолында болды. Мүмкін сондықтан да оларға тиіспей, қарапайым кәсіпкерлерді қосымша төлемдермен қанаған шығар? Ал ең негізгі мәселе, Мемлекет енгізетін міндетті төлемдер өзінің экономикалық мағынасы бойынша салықпен пара-пар және бюджетке түсуі тиіс. Бірақ таңбалау жағдайында қыруар ақша РОП (утильсбор) пен ЦТС (кірме жолдарға арналған тарифтер) сияқты олигополияға айналған жеке компания түріндегі «Қазақтелеком» АҚ құрамындағы жеке операторына түседі. Осылайша, «Қазақтелекомда» онлайн-сауда нарығын монополиялауға және басқа нарықтардағы бәсекелестікті тұншықтыруға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы қалыптасуда», - деді Ержан Бейсенбаев.