Бірінші санаттағы жаңа ақылы учаскелерде жүру үшін төлем тарифтерін 2013 жылғы деңгейде қалдыру жоспарланған. Бұл туралы ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда ақылы автомобиль жолына іргелес әкімшілік-аумақтық бірлікте белгіленген тәртіппен тіркелген жергілікті жеңіл көлік үшін құны 1000 теңге болатын жылдық абонемент сатып алу мүмкіндігі бар. Абонементтер ақылы учаскенің барлық маршруты үшін екі бағытқа да қолданылады. Жергілікті жеңіл автокөлікке жылдық абонементті рәсімдеу үшін ақылы жолдар бойынша қызмет көрсету орталықтарының операторларына жүгіну; жеке куәлік пен автомобильдің техникалық құжаттамасын ұсыну; өтінішті жазу; 1000 теңге көлемінде төлем жүргізу; чекті алу қажет.
«Сондай-ақ, абоненттік төлем үшін берешектің жоқ екенін алдын ала тексеріп, өзіңізге ыңғайлы кез келген тәсілмен 1000 теңге сомасына өзіңіздің жеңіл көлік құралыңыздың балансын толтыру керек. Одан кейін 1403 нөміріне, яғни «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ байланыс орталығына қоңырау шалып, абонемент ресімдегіңіз келетіні туралы хабарлау қажет. Байланыс орталығының операторы сіздің көлік құралыңыздың деректерін тексереді. Барлық қажетті параметрлер сәйкес келген жағдайда абонемент ресімделеді», - деді Төлеген Абдуллин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.