16 нау, 2021 сағат 07:47

Елімізде 2 трлн теңгенің 110 жобасы іске асырылуда

Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 110 жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 110 жоба іске асырылып жатыр. Оларда 12 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Өңдеу өнеркәсібін дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет өткен жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған министр. 

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібі көлемін 2025 жылға қарай 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын Индустрия министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орындайтын болады. 

«Қазіргі уақытта өңірлер мен салалар бойынша 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бойынша жоспарлы көрсеткіштерді айқындадық. Оған қол жеткізу үшін өңдеуші салаға жауапты негізгі министрліктер облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен меморандум жасауы орынды болады деп санаймыз. Жалпы, жүргізіліп жатқан шаралар еліміздің өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіп, индустриялық саясаттың тиімді іске асырылуына елеулі ықпал етеді», - деді Бейбіт Атамқұлов.