20 қыр, 2016 сағат 13:25

Елімізде 1 млн адам несиелік қарызын қайтар алмай жүр

Қазақстанда халықтың несиелік мәдениеті төмен деңгейде қалып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлім етті. Бұл туралы Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Бізде шамамен 5 миллион жеке тұлғада банк несиелері бар. Олардың 1 миллионында берешек 90 күннен асып кеткен. Банктердің ссудалық портфелінің 20 пайызы жеке тұлғаларға тиесілі. Бұл негізінен ипотека мен тұтынушылық несиелер», - дейді О.Смоляков.

Оның сөзіне қарағанда, жеке тұлғаларға берілген несиелердің 85 пайызы ешқандай кепілдікпен қамтамасыз етілмеген. Кепілдіктің болмауы қарызды талап етудің қиындығына байланысты. Оның үстіне, банктерден несие алуға келген қарыз алушылардың 64 пайызы өзінің тұрғылықты жері мен қаржылық қабілеттері туралы ақпаратты жасырады. О.Смоляковтің пікірінше, бұл халықтың несиелік мәдениеті төмен деңгейде қалып отырғандығын білдіреді.

Айта кетейік, қазір Парламент Мәжілісінде Ұлттық банк өкілдерінің қатысуымен «коллекторлық қызмет» туралы заң жобасы талқылануда.