ҚР Ұлттық банкі өңірлердегі инфляциялық үрдістерге түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылғы қыркүйекте инфляция 0,4% құрады (тамызда – 0,5%). Азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,1%-ға (тамызда – 0,1%), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 0,6%-ға (тамызда – 0,6%), ақылы қызметтер бағасы 0,7%-ға өсті (тамызда – 0,8%). Жылдық инфляция 8,9% құрады (тамызда – 8,7%). Өңірлер бойынша жылдық инфляцияның өсімінің жеделдеуі 13 өңірде, бәсеңдеуі 3 өңірде байқалып, 1 өңірде бағаның өсу қарқыны өзгеріссіз қалды. Бағаның өсу қарқынының ең айқын баяулауы Павлодар облысында орын алды, бұл өңірде көрсеткіш тамыз айындағы 9,2%-дан қыркүйек айында 8,8%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның ең жоғары жеделдеуі Қызылорда облысында байқалды (8,2%-дан 8,8%-ға дейін). Жылдық инфляция 6 өңірде жалпы республикалық деңгейден жоғары болды, олардың ішінде ең үлкен мән Маңғыстау облысында тіркелді (9,8%)», - делінген ҰБ мәліметінде.
Алматы қаласы мен Алматы облысы Қазақстан бойынша тұтыну бағасы индексінің (ТБИ) өсуіне едәуір үлес қосуды жалғастыруда (тиісінше 1,4 п.т. және 1,0 п.т.), олардың ТБИ-де салмағы ең жоғары. Осы өңірлерде бағаның өсуі тиісінше 8,7% және 8,5% болды.
«Қазақстанда азық-түлік тауарлары бір жылда 11,5%-ға (тамызда – 11,4%-ға) қымбаттады. Ең төменгі өсу Шығыс Қазақстан (10,5%) және Солтүстік Қазақстан (10,6%) облыстарында, ең жоғары өсу – Маңғыстау облысында (13,1%) байқалды. Ел бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 7,5%-ға (тамызда - 7,3%-ға) өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ең жоғары өсуі Атырау және Ақтөбе облыстарында (8,0%-дан), ең төмен өсуі – Павлодар облысында тіркелді (6,8%). Елімізде ақылы қызметтер 6,8%-ға (тамызда - 6,6%-ға) қымбаттады, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында бағаның өсуі 8% құрады, Алматы және Қызылорда облыстарында ақылы қызметтер бағасы әлдеқайда төмен қарқынмен өсті (6,1%)», - деп аталып өткен Ұлттық банк хабарламасында.
Қыркүйекте айлық ТБИ-ға азық-түлік тауарлары инфляциясының қосқан үлесі (0,10 п.т.) азық-түлікке жатпайтын тауарлар (0,13 п.т.) мен ақылы қызметтер (0,17 п.т.) инфляциясының қосқан үлесінен төменірек болды. Ет және ет өнімдеріне бағаның өсу қарқыны азық-түлік инфляциясына ең жоғары үлес қосуды жолғастыруда (0,11 п.т.), жемістер мен көкеністер бағасы 4,7%-ға арзандап, азық-түлік инфляциясына (-)0,13 п.т. шамасында кері үлес қосты.
Жалпы ел бойынша азық-түлік бағасы тамыз айындағыдай 0,1%-ға өсті. Азық-түлік тауарларының ең жоғары қымбаттау қарқыны (0,6%) Атырау облысы және Алматы мен Шымкент қалаларында орын алды, сонымен қатар Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында 0,1%-0,6% шегінде азық-түлік бағасының төмендеуі байқалды.