Жасұлан Садықұлы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында қазақ, ауған жастарына математиканың қыр-сырын үйретіп, қазіргі таңда сексеннің сеңгіріне келген ұлағатты ұстаз.
Жасұлан Садықұлы 1937 жылы 7 қарашада Шығыс Қазақстан облысында шағын отбасында дүниеге келеді.
Жастай еңбекке ерте араласып өскен Жасұлан Садықұлы 7 жылдық сыныпты үздік аяқтап, 1954 жылы өзі қызмет еткен білім ордасы - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (бұрынғы атауы Киров) университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі, оқуын жақсы аяқтап осы оқу орнында ассистент қызметін атқарады.
1980 жылдары Совет үкіметінің «Ауғанстан еліне көмек» атты жолдауымен Ауғанстан жастарына математика сабағын үйретуге Мазари Шарип қаласына жолдама алады. Осы жылдары Ауғанстанда 1978 жылдан бастау алған төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналған кез еді. Осындай майдан ортасында жүріп, Ауғанстан жастарына сабақ берді.
Қарша бораған оқтан аман қалып, екі рет жарақат алған ұстаз: - Елге аман оралуым анамның батасы болар - деп, терең ойға шомып анасын еске алды. Баласы Ауғанстанға жұмыс сапарымен кеткенде анасы күнде Жаратқанға баласының аман елге келуін тілеумен болған екен.
1982 жылы Жасұлан Садықұлы елге аман оралып, Ауғанстанның түпкір-түпкірінен келіп, елімізде білім алап жатқан жастарға дәріс берді.
1984 жылы Жасұлан Садықұлы «Кеңес одағының жоғары біліміне сіңірген ерең еңбегі үшін» - деген кеуде белгісімен марапатталды, 1985 жылы Шетелдік жастардың елімізде білім алуына арналған дайындық факультетінің ашылуына мұрындық болды.
Міне, осы жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан факультетте көптеген шетелдік азамат білім алуда.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы
Ж.Б.Саткенова