М.Жұмабаев: «Түркістан - екі дүние есігі ғой, Түркістан - ер түріктің бесігі ғой», - деп жырлағандай, бүкіл түркі елінің тұмары іспетті қаламыздың облыс орталығы атануы шын мәнінде рухани жаңғырудың үлкен бір нәтижесіндей.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қоюы халық үшін қуанышты жаңалық болды.
Көреген ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен астасып жатқан бұл шешімі түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі қаламыздың өсіп-өркендеуіне тың серпіліс әкеліп, қаламыздың қайта жаңаруына септігін тигізуде.
Киелі қаламыздың енді облыс ретінде бой көтеруі қала жастары үшін де мол мүмкіндіктердің есігін ашып отырғандығы баршаға аян. Осы орайда Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да жастардың әлеуетін арттыруға басымдық берілгендігін де тілге тиек еткім келіп отыр. Бұл оң шешім бүкіл халықтың тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Себебі, елдің келешегі, тәуелсіздік тұтқасын ары қарай ұстайтын, Елбасының ауқымды стратегиялық межелерін, мақсаттарын іске асыратын да жастар екені даусыз. Келер жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы - өңіріміздегі жастар саясатына үлкен серпін беретініне сенеміз. Қазіргі жастардың потенциалы өте жоғары. Білімді, білікті жастар көп. Сондай жастарды қолдап, қуаттау ел болашағының жарқын болуына жасалған маңызды қадам.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы білім, білік, оқу мен зерделеу арқылы жасалған. Білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің мақсаты - бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман дайындау. Осы орайда білім саласы ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Мұндай қамқорлықты Елбасының әрбір Жолдауынан айқын аңғарамыз.
«Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуді басты назарда ұстау» - деген болатын. Осы орайда қазан Жолдауынан ерекше қуантқаны - мұғалімдер мәртебесі туралы заң қабылданатындығы. «Мұғалім мәртебесі» туралы заң білім беру қызметкерлерінің мүддесі үшін жұмыс жасап, мұғалім міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартылмауын қадағалайтын болады.
Елбасы барлық мемлекеттік мектептерге Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту бағдарламасын енгізуді тапсырды. Осы арқылы өскелең ұрпақтың білім деңгейі кеңейе түседі. Білім мен ғылым егіз ұғым десек, президент ғылымды дамыту тетіктерін айқындауды да басты міндет етіп қойды.
Елде жоғары білім гранттарының саны көбейтілгенін еске салған Елбасы енді жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажеттігін жеткізді. Назарбаев Университетінің үлгісімен аймақтық жаңа жоғары оқу орнын құру қажеттігін, санға емес, сапаға қарай қызмет көрсету жағын баса айтты. Сондай-ақ Елбасы жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетіндігін ескертті. Нұрсұлтан Назарбаев жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізіп, нарықта тек жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуы керек деді. Мұның барлығы еліміздің дамыған 30 ел қатарынан көрінуі үшін жасалып жатқан баспалдақтары десек болады. Елбасының биылғы Жолдауы талап пен тараптың үндесуіне жол көрсетуші бағдар болды. Бағдардан бағытымызды бұзбасақ, алар асу мен жетер жетістігіміз мол болмақ.
Нұрбол ДҮЙСЕБЕК,
Р.Есетов атындағы №20 жалпы орта мектебінің директоры.