10 нау, 2020 сағат 12:17

Елена Бахмутова Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің көтерілуіне қатысты түсінік берді

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутова ҚР Ұлттық банкінің базалық ставкасының көтерілуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеменің 12 пайызға көтерілуі макроэкономикалық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған.

«Дұрыс әрекет. Бұл - біздің бірінші дағдарыс емес. Менің ойымша, осыған ұқсас шаралар басқа елдерде де жасалады. Көршілес Ресейде де болуы ықтимал», - деді ол.

Оның айтуынша, әлеуметтік экономикалық тұрақтылық басты назарда болуы тиіс.

ҚР Үкіметі қазір осы мәселеге басымдық беріп отыр. Ол үшін арнайы штаб құрылды.

«Қазақстан экономикасы ашық болғандықтан, оған әлемдегі ахуал қатты ықпал етеді. Қазір қандай шаралар қолға алынатыны анықталды. Басымдық берілетін салаларға ресурстарды жинау керек. Кейбір инвестициялық шығындардан бас тарту қажет. Бұл ең алдымен квазимемлекеттік сектордағы, одан кейін жеке сектордағы кәсіпорындарға ықпал етуі тиіс. Ішкі ресурстарды іске қосу абзал болады», - деді ол.

Елена Бахмутова осы мақсатта ҚР Үкіметі мен Ұлттық банкі және Қаржылық нарықты реттеу агенттігі үш жақтан бірігіп кешенді шараларды қолға алуы керектігін айтты.

«Кеше барлық жерде индекстер құлады. Сол үшін кешенді шаралар ойластыру керек. ҚР Қаржы министрлігі кейбір бюджеттік шығындарды азайтып, Республикалық бюджет туралы заңға өзгеріс енгізетін болады. Бұған тура 1 апта уақыт бар», - деді Е.Бахмутова.

ҚҚҚ төрағасының айтуынша, қаржылық секторда активтердің сапасы бағаланды.

«Бұл жерде күтпеген тосын жаңалық болмайтынына көз жеткіздік. Енді барлық күшті экономикалық саланы тұрақтандыруға салатын боламыз. Бірінші кезекте жұмыс орындарын сақтап қалу, импорттың орнын алмастыру, мемлекеттік тапсырыстарда қазақстандық өндірушілердің болғаны, халықты өндірістік жұмыспен қамту, олардың табыс табуы қамтамасыз ету көзделген», - деді ҚҚҚ төрағасы.

Айта кету керек, ҚР Ұлттық банкі сыртқы сектор тарапынан тәуекелдерге теріс ықпал ету аясында баға тұрақтылығын қолдау қажеттілігіне негізделген базалық мөлшерлеменің деңгейі бойынша кезектен тыс шешім қабылдаған болатын.

Сондай-ақ COVID-19 вирусы індеті кейбір елдерді рецессияға ұшыратып, жаһандық экономика өсімін 2,5% -дан төмен деңгейге дейін құлдыратуы мүмкін.

Өйткені, коронавирустың өршуінен тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) ағыны көлемі қысқарады. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) ұйымы осылай мәлім етті. Алдын ала болжам бойынша, коронавирус салдарынан әлемдік экономика шығыны 2 трлн долларды, ал дамушы елдерде 220 млрд долларды құрауы мүмкін.