13 там, 2021 сағат 15:54

Электронды еңбек биржасында фрилансерлерге арналған платформа құрылады


Электронды еңбек биржасында фрилансерлерге арналған платформа құрылады. Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2021 жылғы 1 наурыздан бастап Электронды еңбек биржасы жаңартылған форматта жұмыс істейді. Порталдың дизайны мен навигациясы жетілдіріліп, бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді іздеу кеңейтілді. 1 шілдеде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесі пайдалануға енгізілді. Бұл халықаралық іздеу жүйесі ЕАЭО-ның барлық елдеріндегі бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы ақпарат алуға мүкіндік береді. Қазақстанның электрондық еңбек биржасынан басқа платформаға Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саласындағы ақпараттық жүйелері қосылған», – деді Дәулет Арғындықов.

Компания басшысының айтуынша, Электронды еңбек биржасының базасында келешекте бірнеше сервисті біріктіретін бірыңғай цифрлық платформалар жасалмақ.

«Биржаны одан әрі дамыту тұжырымдамасы оның негізінде бірқатар сервистерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа – skills.enbek.kz бірыңғай білім беру порталын, business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамалардың бірыңғай терезесін, қашықтан жұмыс істейтін мамандарға (фрилансерлерге) арналған платформа құруды көздейді. 2021 жылдың шілде айында skills.enbek.kz онлайн оқыту алаңы іске қосылды.

«Еңбек Бизнес» кіші жүйесін іске қосу жоспарлануда, ол процесті автоматтандыруға және азаматтардан мемлекеттік қолдау шараларын алуға – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер немесе мемлекеттік гранттар алуға онлайн өтінімдерді қабылдауға арналған», – деді Дәулет Арғындықов.