13 қар, 2019 сағат 12:05

Елді мекендерді таза сумен қамту көрсеткіші 95 пайызға жетті - Ақтөбе әкімі

Ақтөбе облысының ауылдық елді мекендерін таза сумен және газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында халықты таза сумен қамтамасыз ету мәселесін толық шешуге жақындап қалдық. Биыл бұл көрсеткіш 95 пайызға жетті. Осы жылы халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге 2,7 млрд теңге бөлінсе, келесі жылы қаржыландыру көлемі 2,5 есе артып отыр. Бұл - 22 елді мекенге ауыз су жеткізетін 27 жобаға 6,8 млрд теңге бөлінеді деген сөз. Алдағы 1-2 жылдың ішінде ауылдарды толықтай таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіншілігіміз бар», - деді облыс әкімі.

Өңір басшысының дерегінше, биыл облыс халқының 29,4 пайызы газбен қамтамасыз етілген. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш деуге болады. Дегенмен облыста шалғайдағы елді мекендерге газ өткізу мәселесі әлі де өзекті.

«Себебі олар шалғайда орналасқаннан кейін газдандыру үлкен қаражатты қажет етеді. Дей тұрғанмен, болашағы бар, әлеуеті мол ауылдарға газ жеткізумен айналысып жатырмыз. Биыл Үкіметтің қолдауымен 17 ауылды газбен жабдықтау үшін қосымша 2,5 млрд теңге бөлінді. Келесі жылы бұл жұмыс жалғасын табады. 20 елді мекенге арналған 24 жобаға 1,5 млрд теңге облыстық бюджеттен бөлінеді. Осылайша біртіндеп бұл мәселені де шешеміз»,- деді О.Оразалин.